Қазақстан Республикасындағы хабар
тарату саласындағы ұлттық оператор

Қазақстанның үш облысында аналогты телевизия толығымен өшірілді

«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде елде аналогты телерадио хабарларын таратуды толықтай өшіріп, цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға кезең-кезеңмен көшу жөніндегі жоба белсенді түрде іске асырылуда. Жобаны іске асыру Қазақстанның жалпы контенті нарығында отандық телеарналардың хабар тарату үлесін арттырады және елдің ақпараттық ресурстарына халықтың тең құқылы кепілді қол жеткізуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, республиканың барлық тұрғындары үшін қолжетімді телеарналардың саны ұлғаяды. Бұл дегеніміз, 4-5 қазақстандық телеарнаны көріп отырған ауыл тұрғындары енді 15-ке жуық телеарнаны көре алады. Ал облыс орталықтары мен оған жақын орналасқан елді мекендерде кескін мен дыбыстың цифрлық сапасында 30-ға жуық телеарна қолжетімді.

2019 жылы жобаны іске асыру барысында Алматы, Павлодар және Қостанай облыстарында аналогты телевизияны толықтай өшіре отырып, цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға көшу 100% жүзеге асырылды.

Алматы облысында 772 елді мекенді цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратумен қамтитын 90 радиотелевизиялық станция пайдалануға енгізілді.

Павлодар облысында да ЦЭТХТ енгізу жөніндегі жобаны іске асыру аяқталды. Қазіргі уақытта облыстағы 385 елді мекеннің 356-сы цифрлық эфирлік хабар таратумен қамтылды. Көзделген мақсаттарға қол жеткізу үшін облыста 29 радиотелевизиялық станция салынып, жаңғыртылды.

Жобаны сәтті іске асыру мақсатында Қостанай облысында 59 РТС салынып, жаңғыртылды, олардың ішінде 32-сі жаңадан тұрғызылған. Барлық жұмыстардың қорытындысы бойынша цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратумен қамту деңгейі өңір халқының 98%-ын құрады, бұл –627 елді мекен.

Бүкіл Қазақстан бойыншааналогты телехабар таратуды 100% өшіру үшін 827 радиотелевизиялық станцияны салу және жаңғырту қажет. Қазіргі уақытта 447 РТС пайдалануға берілді. Осылайша, бүгінгі күні цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратумен Қазақстанның 4255 елді мекені қамтылған.

Аналогты эфирлік хабар таратуды өшіру мен цифрлық эфирлік телехабар таратуға көшу Қазақстанда бекітілген кестеге сай жүріп жатыр. 2018 жылы АЭТХТ толықтай өшіре отырып, цифрлық эфирлік телехабар таратуға көшу Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласында жүзеге асырылды.